«ҚМГ Кәсіп» бағдарламасы бойынша 200-ден астам қызметкер біліктілігін арттырады
27.11.2026
Атырау қаласында жұмысшы мамандардың кәсіби және жеке құзыреттерін дамытуға, корпоративтік мәдениетті нығайтуға әрі өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған «ҚМГ Кәсіп» модульдік оқыту бағдарламасы басталды.
Биыл бағдарлама аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес ұйымдарынан келген 200-ден астам қызметкер оқудан өтеді. Жоба тоғыз бағытты қамтитын 16 жұмысшы мамандығы бойынша жүзеге асырылады және екі оқу модулінен тұрады.
Атырауда басталған бірінші модуль кәсіби дағдыларды жетілдіруге және техникалық білімді тереңдетуге арналған. Оған операторлар, машинистер, электргазбен дәнекерлеушілер, дефектоскопистер, жөндеуші слесарьлар, зертханашылар, такелажшылар, бұрғышы көмекшілері және электрмонтерлер қатысуда.
Оқу процесінде теориялық дайындық практикалық тапсырмалармен ұштастырылады. Мұндай формат қызметкерлерге кәсіби білімін жаңартуға, өндірістегі заманауи тәсілдерді меңгеруге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Оқытудың екінші модулі 2026 жылғы желтоқсанда өтеді деп жоспарланған. Бұл кезеңде қатысушылардың икемді дағдылары (soft skills) мен корпоративтік құзыреттерін дамытуға басымдық беріледі. Атап айтқанда, олар үнемді өндіріс қағидаттары мен құралдарын меңгеріп, корпоративтік мәдениет пен қауіпсіздік мәдениетіне қатысты мәселелерді және жеке әрі командалық жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал ететін басқа да бағыттар бойында білімдерін жетілдіретін болады.
«ҚМГ Кәсіп» бағдарламасын іске асыру – адами капиталды дамыту, өндірісте жұмыс істейтін персоналдардың біліктілігін арттыру және ұлттық компанияның кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы.
Айта кетейік, ҚазМұнайГаз «ҚМГ Кәсіп» бағдарламасын былтыр іске қосты. Жоба жыл сайын кеңейіп, оған қатысатын жұмысшы мамандықтарының саны артып келеді.